05 02 2019

2019 жылдың 30 қаңтар күні Павлодар облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретші Павел Григорьевич Лысенконы (1928 – 2017) еске алу көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге суретшінің 60-қа жуық шығармашылық туындысы ұсынылып отыр.

Павел Григорьевич Лысенко 1928 жылы Алтай өлкесінің Селиверстов ауылында дүниеге келген. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Ұстаздарының бірі - профессор А.М.Черкасский болды. 1968 жылдан бастап ҚР суретшілер Одағының мүшесі, 2011 жылдан бастап ҚР Көркемөнер Академиясының Академигі, 2014 жылы ҚР «Құрмет» орденімен марапатталған.

1956 жылдан бастап Алматыдағы Қазақ Бейнелеу шеберханасында жұмыс істеп, 1958 жылы Қарағанды қаласына жіберіледі. Павел Григорьевич Лысенко Павлодар қаласында 1978 жылдан бері қоныс аударып, шығармашылық еткен. Қаламыздың алғашқы көркемсурет мектебінің ашылуына ат салысты. 1979-1985 жылдары арасында өнеркәсіп орындарында суретші-безендіруші болып, мектеп-студияларында сабақ берді, қаламыздың мектептерінде бейнелеу өнері мұғалімдеріне семинарлар жүргізіп білімімен бөлісті. 1979 - 1981 жылдары арасында Павлодар қаласының көркемөнер өндірістік шеберханаларының көркемсурет кеңесінің басқарушысы, кейінгі жылдары оның белсенді қатысушысы болды. Кескіндеме өнерінің шебері өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын бейнелеуөнеріне арнады. Республикалық, облыстық, аймақтық көрмелерінің қатысушысы болған.

Шығармашылық туындылары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер музейінде (Алматы қ.), Павлодар облыстық көркемсурет музейінде, Қостанай қаласының көрме залында, Германия және АҚШ елдеріндегі жеке жинақтарында сақтаулы.

Онлайн кім

Қазір 53 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр