IMG 6309

Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 55 жылдық мерейтойының аясында «Мәдениет, өнер және заман тыныс» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен «Таңдаулы» атты музей топтамасынан ұйымдастырылған ең үздік шығармашылық туындылар көрмесінің ашылуы өткізілген болатын. Экспозицияда Ә.Қастеев, Ә.Ысмаилов, Н.Нұрмухаммедов, И.Исабаев, С.Романов, А.Ақанаев сияқты ХХ ғасырдың танымал қылқалам шеберлерінің туындыларымен қатар заманауи суретшілердің шығармашылығы көрермендер назарына ұсынылып, өнерсүйер қауымы мен қарапайым келушілердің қызығушылығын тудырған болатын.

Көрменің салтынатты тұсаукесеріне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Оралов Асқат Раздықұлы қатысып, музей қызметкерлері мен өнерсүйер қауымын қуанышты іс-шарамен құттықтады. Асқат Раздықұлы мерейтойлық сый ретінде облыс әкімінің атынан көркемсурет музейіне бір миллион теңге соммасына ақшалай сертификатты табыстап, музей ісінің ардагерлері мен музей қызметкерлеріне атқарған еңбектері үшін зор алғысын білдірді.

Мәдени мұраны сақтау мен насихаттау ісінде қолдау көрсеткендері үшін  музей серіктестері мен достарына музей басшысы А.Нургамисова Павлодар облыстық көркемсурет музейінің атынан алғыс хаттарды табыстады.

Көрменің ашылуында павлодарлық суретші, авангардтық өнер бағытының жарқын өкілі Андрей Оразбаев жиналған қонақтарды перформансымен таң қалдырып, Политехникалық колледжінің шығармашылық мамандықтарының студенттері футуристік стильде орындалған заманауи киімінің сәндік көрсетілімі көрмені жалғастырған болатын.

Мерейтойлық іс-шараға Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан музейлерінің өкілдері, облыстық және қалалық мәдени мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, павлодарлық суретшілер, білім беру мекелемелерінің ұстаздары, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Онлайн кім

Қазір 38 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр