Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Михаил Петрович Колмогоровтың 100 жылдығына арналған еске алу көрмесі ашылды.

Михаил Петрович Колмогоров 1922 жылдың 22 қарашасында Павлодар облысының Қашыр кентінде дүниеге келген. Алғашқы кескіндеме сабақтарын Леонид Брюмер мен Сергей Архангельский сияқты жер аударылған суретшілерден алып, этюдтарды сала бастады. Осы сабақтардың негізінде жас жігіт соғысқа дейін Омбы көркемсурет мектебіне қиындықсыз түсе алды. Алайда, 1942 жылы ол әскер қатарына шақырылған соң Сталинградтық, 3 және 4 Украин майдандарында шайқастарға қатысты. Жараланды, Днепр өзені үшін болған шайқастарда және Ростов облысын азат етуде ержүректілігі мен жанқиярлық қайсарлығы үшін майдангер-сарбаздар арасында ең сыйлы болып саналатын «Ерлігі үшін» медалінің екі мәрте иегері және «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» І дәрежелі ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған болатын.

Демобилизациядан кейін 1947 жылы оқушыларының жоғары кәсіби дайындығымен және бейнелеу өнерінің әсем реалистік мектебі даңқына ие болған, сол кездің ең көне оқу орындарының бірі - Одесса көркемсурет училищесінде білімін жалғастырды. В.Токарев, М.Тодоров, Л.Мучник секілді танымал ұстаздар болашақ қылқалам шеберінде түстер мен реңдердің барлық экспрессивті мүмкіндіктерін тамаша пайдалана алатын колорист қабілетін дамытты.

1952 жылы училищені тәмамдаған соң Павлодар қаласына оралып, Пионерлер үйіндегі бейнелеу өнері үйірмесінде сабақ берді. 1956 жылы жаңадан ашылған көркемөнер-өндірістік шеберханаларға ауысып, онда 40 жылдан астам қызмет етті. Оның шәкірттері арасында көптеген павлодарлық суретшілер болды. Павлодардың танымал суретшісі Михаил Петрович Колмогоров - облыстық, өлкелік, аймақтық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Павлодар облыстық көркемсурет музейінде 1972, 1976, 1982, 1997 және 2000 жылдары оның дербес көрмелері өтті.

Көрмеге М.П. Колмогоровтың 37 көркем және графикалық туындылары қойылды. Экспозиция 14 қазаннан бастап бір ай бойы жұмыс істейді.

Онлайн кім

Қазір 19 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр