НАҒЫМБЕК НҰРМҰХАММЕДОВ АТЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ КӨРКЕМСУРЕТ МУЗЕЙІ

Павлодар облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретші Өсербай

Аманжолұлы Шорановтың мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтті.

Өсербай Аманжолұлы Шоранов 1952 жылы 15 қазанда Павлодар облысының Грязновка ауылында дүниеге келді. Суретші білімін Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінен алды. Ол танымал кескіндемеші, ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері Мұхит Калимов, дарынды суретші, ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері Марис Хитахунов және Көркемсурет академиясының академигі, Халықаралық сыншылар мен өнертанушылар қауымдастығының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Амандос Аканаевтан тәлім алған.

Өз шығармашылығына белсенділікпен сергек қарайтын Өсербай Шоранов үнемі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтетін суретшілер пленэрінде жұмыс істейді. Баянауыл, Бурабай, Көкшетау мен Астана, Қызылорда, Семей, Шымкент, Атырау өңірінде жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық, халықаралық пленэрлерде әріптестерімен бірге табиғат аясына шығу, еңбек ету – суретшінің өмірлік ұстанымына айналған. Әрине, пленэрлік жұмыста дала келбетін суреттеудің өзі туған жерге деген үлкен сүйіспеншіліктің бір айғағы.

Көрме қылқалам шеберінің 70 жас мерейтойына арналған. Суретші Өсербай Аманжолұлы мерейтойлық көрмесіне қазақ жеріне тән әдемі пейзаждарын, дала тылсымын әсерлі бояумен шынайы жеткізген. Кең жазира даланың әсем келбетін, сыр-сипатын беру арқылы еліміздің табиғатын сүйіспеншілікпен бейнелейді. Оның шығармашылық тұғыры сан алуандығымен ерекшеленеді.

Көрмеге 80-ден аса кескіндеме жанрында орындалған туындылар ұсынылып отыр. Қылқалам шебері пейзаж, портрет және тақырыптық суреттер бағытында жұмыс жасайды. Жеке шығармашылық стилі мен тақырыптық шешімдеріне нәзік ұлттық нақыш тән. 

Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

Онлайн кім

Қазір 109 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр