2023 жылғы 17 тамызда сағат 16:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Дүниежүзілік фотосурет күніне орай ұйымдастырылған «Естелік айна» атты Едіге Ниязовтың дербес фотосурет көрмесінің ашылуы өтеді.
Едіге Ниязов (1940-2009) - Ресей Фотосуретшілер одағының мүшесі, «Темный фонтан» (Франция) атты фотосуретшілер қоғамының құрметті мүшесі және Ертіс өңірі Дизайнерлер қауымдастығының мүшесі. ВДНХ күміс және қола медаль иегері. Фотосуретшілердің бүкілодақтық, аймақтық, топтық көрмелерінің белсенді қатысушысы және ұйымдастырушысы. Дербес көрмелері Мәскеу (1987, 2002), Мелитополь (1988), Ухта (1990), Экс-ан-Прованста (1990, 1992), Стокгольм (ленинградтық суретшілерімен бірге, 1998), Павлодар (1998, 2002, 2010), Гамбург (1999), Алматы (2000, 2004), Омбы (2009) және Санкт-Петербург (2009) сияқты қалаларында өтті. Ниязовтың шығармашылық жұмыстары Франция, АҚШ, Финляндия, Швеция, Жапония, Испанияда өткізілген көрмелерге қатысты. Ниязовтың «Прямая фотография» атты соңғы дербес көрмесі Санкт-Петербургте 2009 жылы «D 137» галереясында өтті.
Ниязовтың есімі ТМД ең үздік фотосурет шеберлерінің қатарына кіреді. Оның портреттерде - жеке тұлғаға, пейзаждарда - шындыққа назар аударуға бағытталған ерекше және бірегей көзқарасы фотосурет өнерінде жаңашыл бағытты тудырғаны сөзсіз. Экспозицияда Едіге Ниязовтың қайталанбас көзқарасын бейнелейтін 50 жуық ақ-қара және түрлі-түсті фотосуреттері ұсынылған.