2023 жылғы 17 қараша күні Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Виктор Федорович Поликарповтың мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтті. Экспозицияда 100-ден астам кескіндеме, графика, сәндік - қолданбалы өнер туындылары көрсетілген.
Виктор Поликарпов - Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi. Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі. Павлодар қаласының Құрметті азаматы.
Виктор Федорович 1938 жылы 15 қарашада Павлодарда дүниеге келген. Альта классы бойынша П.И. Чайковский атындағы Павлодар қаласының музыкалық училищесінде білім алған. Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін 1971 жылы тәмамдады. 1990 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан Ғылым академиясының археологтары қатарында ежелгі Отырар қазбасының экспедициясына қатысқан. 1999 жылы суретшінің графикалық беттерден құралған альбомы шыққан. Туындылары «Нива» және «Простор» отандық журналдары мен «Юность» атты ресейлік журналының Қазақстанға арналған 2000 жылғы №11-12 басылымында жарық көрді.
1970-1980 жылдары Виктор Поликарпов көркемдік дизайнмен айналысып, ағаш ою, металлды көркем өңдеу, макраме сияқты сәндік-қолданбалы өнер салаларында шығармашылық еткен. Аталмыш туындыларының көпшілігі Павлодардың қоғамдық ғимараттарының интерьерінде орын тапқан. Шығармашылығының негізгі бағыты - станоктық графика. Суретшінің графикалық туындылары философиялық тереңдігі мен шеберлігімен, композициялық шешімдердің күрделілігі және әсемдігімен ерекшеленеді.
1980-ші жылдары Виктор Поликарпов Павел Васильевтің поэзия әлемімен танысып, шығармашылығына жаңа шабыт береді. «Павел Васильевтің поэзиясына» атты сериясындағы Виктор Поликарповтың графикасы ерекше рухани ой-толғаныстарға ие. Кейінірек «Әбу Насыр Мұхаммед Әл-Фарабидің мұрасына» және «Уақытқа саяхат» атты графикалық жұмыстар сериясы пайда болады.
Пленэрде орындалған туындыларын тамашалап, Виктор Поликарповты өте нәзік және лирикалық суретші ретінде таңуға мүмкіндік пайда болады.
Виктор Поликарповтың туындылары Қазақстанда және Ресейдегі көрмелерге қатысып, Алматы мен Астана, Павлодар, Өскемен, Екібастұз, Тверь мен Омбы сияқты қалаларда дербес көрмелері өтеді.
Суретшінің шығармашылық туындылары Қазақстан Республикасының музейлерінде, Германия, Франция, Австрия, АҚШ, Австралия, Ресей, Жапония, Канада сияқты мемлекеттері мен М.М. Плисецкаяның жеке коллекциясында сақталынады.